н3-1

Біріккен Ұлттар Ұйымында Қазақстандағы реформаларды орнықты даму мақсаттарына орай талқыға салды

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдігінде «Саяси және экономикалық реформалар: барлық деңгейде тиімді, транспаренттік және есеп беретін институттарды құру бойынша Орнықты даму мақсатын іске асыру» атты арнайы іс-шара өтті. Іс-шараға БҰҰ жанындағы дипломатиялық миссиялардың басшылары мен қызметкерлері, халықаралық ұйымдардың, азаматтық қоғам мен ғылыми топтардың өкілдері қатысты.

Өзінің алғы сөзінде, Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі ҚайратОмаров іс-шара қатысушыларын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси және экономикалық реформалар бағдарламасымен таныстырды. Тұрақты өкіл жарияланған реформалардың Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған орнықты даму мақсатындағы 2030 жылға дейінгі жаһандық күн тәртібімен тығыз өзара қарым-қатынасын атап өтті.

Негізгі баяндамашылар ретінде БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енча және БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ Даму бағдарламасының (ДБ) Еуропа және ТМД елдері бойынша аймақтық өкілдігінің басшысы Джихан Султаноглу болды.

М. Енча заң шығарушы билігінің рөлін нығайтуға және Үкіметтің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған ҚР Президентінің реформаларын құптады. Осы шаралардың мемлекеттік басқару есептілігін, ашықтығын және тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі реформалар бағдарламасының Орнықты даму мақсаттарына және қоғамды демократияландыруға сәйкестігін атап көрсетті. Орталық Азиядағы превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталықтың бұрынғы басшысы ретінде ол Қазақстанға өңірдегі ықтимал қақтығысты мәселелерді шешуді қолдауға арналған осы мекемені үнемі қолдау үшін алғысын білдірді.

БҰҰ-ның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы бойынша Бас комиссары ретінде өзінің Қазақстанға ақпандағы сапарының нәтижесінде, елдегі оң өзгерістердің жылдамдығы мен ауқымын жоғары бағалады. Атап айтқанда,   Д. Султаноглу ҚР Парламентінің тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы белсенді қатысуын атап өтті. 2016 жылғы қарашада заң шығарушы орган орнықты дамудың жаһандық «жол картасын» жүзеге асыру жөніндегі арнайы тақырыптық сессия өткізді. Спикер мемлекеттік мекемелердің есептілігін, ашықтығын және тиімділігін арттыру жауапты мемлекеттік басқару мен заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды элементі болып табылатынын атап өтті.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы мен БҰҰДБ бірлескен жобасы – Астанадағы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі аймақтық орталығы еліміздегі мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі дамытуға ықпал етумен шектелмей, осы орталықтың мүшелері болып табылатын, сондай-ақ оның қызметіне қызығушылық білдірген басқа да көптеген елдерге көмектеседі. БҰҰ өкілінің айтуынша, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудегі табыс Қазақстанның бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына енуіне ықпал ететін болады.

Қатысушылар Тұрақты даму жүзеге асыру тақырыбының жоғары өзектілігін және оның бұл мақсаттарға жетуге ұмтылып отырған әлемнің барлық елдерінің айтарлықтай қызығушылығын тудыратынын атап өтті. Қонақтар оларды табысты іске асырудың жолдары мен әдістерін Қазақстанның нақты мысалында қарастыру бұл міндетті оңайлататынын мәлімдеді.