н2-1

Қазақстан мен Аустрия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына арналған Коммюнике

Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Аустрия еліміздің егемендігін таныған алғашқы елдердің бірі. Бұл 1992 жылғы 18 қаңтарда болды. Ал бір айдан кейін 1992 жылғы 19 ақпанда Қазақстан Республикасы мен Аустрия Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнады.

Қазақстан-Аустрия қарым-қатынастары бірден сындарлы диалог пен өзара сенімге негізделді. 1991 жылғы қазанда Аустрияның алғашқы ғарышкері Франц Фибектің қазақстандық ғарышкер Тоқтар Әубәкіровпен бірге қазақ жерінен ғарышқа көтерілуі жақсылықтың нышаны болды. Осы оқиғаға орай Байқоңыр ғарыш айлағында екі мемлекет басшылары – Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Федералдық канцлер Франц Враницкийдің кездесуі өтті.

Сол кезден бастап жоғарғы саяси деңгейдегі келіссөздер жақсы дәстүрге айналды. Басқосулардың мазмұны қомақты шарттық-құқықтық базаға негізделген екіжақты ынтымақтастық деңгейінің ерекшелігін көрсетіп, ынтымақтастық үлгісі болды.

Қазақстан мен Аустрия БҰҰ, ЕҚЫҰ және т.б. халықаралық ұйымдар шеңберінде тығыз іс-әрекеттеседі.

Экономикалық саладағы қатынастар да дәйекті түрде дамып келеді. Аустрия Қазақстанның жетекші сауда әріптестерінің қатарына кіреді және екіжақты сауда деңгейі бойынша ЕО мүше мемлекеттерінің арасында 9 орынға ие. Қазақстан болса Аустрияның ТМД мемлекеттері арасында екінші сауда әріптесі болып табылады. Осы жылдар ішінде Қазақстан экономикасына тартылған аустриялық инвестициялардың жалпы мөлшері шамамен 3 млрд. АҚШ долларын құрайды.

Қазақстан-Аустрия экономикалық, ауыл шаруашылығы, табиғатты қорғау, өнеркәсіп, техникалық және технология жөніндегі Үкіметаралық комиссия мен екі ел бизнесі өкілдері қатысатын Қазақстан-Аустрия іскерлік кеңесі екіжақты экономикалық ықпалдастықтың тиімді тетіктері болып табылады.

Аймақтар арасындағы ынтымақтастық серпінді түрде нығайып, соңғы жыл ішінде федералды Штирия жері мен Шығыс Қазақстан облысы, федералды Каринтия жері мен Оңтүстік Қазақстан облысы, сондай-ақ Жоғарғы Аустрияның Экспорт орталығы мен Павлодар облысы арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды.

Аймақаралық қатынастарды күшейтуде Қазақстанның аустриялық Грац, Зальцбург, Клагенфурт, Брегенц қалаларында мүдделерін қорғайтын құрметті консулдардың үлесі зор.

Аустрияның жаңартылатын энергия көздерін қолданудағы бай тәжірибесін назарға ала отырып, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне аустриялық компаниялардың белсенді қатысуы күтілуде.

Елдеріміз арасындағы білім және мәдениет саласындағы байланыстар да кеңейіп келеді. 2013 жылы Аустрияда Қазақстан мәдениет күндері, ал 2014 жылы Қазақстанда Аустрияның мәдениет күндері өткен болатын. 2015 жылдан бастап Аустрияда Қазақстанның бай мәдениетін насихаттау мақсатында «Қазақстан інжулері – Ұлы Дала сарыны» атты жобасы жүзеге асырылуда.

Қазақстан мен Аустрия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығының қорытындылары көрсеткендей елдеріміз саяси, экономика және мәдениет салалардағы ынтымақтастықты сәтті дамытып, оларды одан әрі нығайту мен кеңейтуге ниетті.